Ей, құрбым, мен өзім еркемін,
Жел қайық көтерген желкенмін.
Жігіттің не түрін, не гүлін
Елітіп соңымнан ертемін.
Байсалды болғанды сүймеймін,
Барлығын бір өзім билеймін.
Қабағын қар жапқан ашушаң,
Қызғаншақ жігітке тимеймін.
«Ә» десем, аузыма қарасын,
«Әй» десем, әкелсін бар асын.
Мен тапсам, ол күтсін ұрпағын.
Бүгжеңдеп бақпаймын баласын.
Көнбесе, бір түнде кетемін,
Бағасы бес тиын некенің!
Кең балақ келін боп жүргенше,
Өмірі күйеусіз өтемін.
Модадан, қартайсам, қалмаймын,
Шик-модер болмаса алмаймын.
Осыған көнбесе көнбесін,
Жігіттер жетеді, таңдаймын!
Ал, қане, қорықпас қайсың бар?
Кімдер бар тәуекел, айтыңдар!
Болмаса, басымды қатырмай,
Қайқайып үйіңе қайтыңдар!