Жігіт:
Кәне достар, жолдастар, той басталық,
Той бастамай, қызыққа тоймас халық.
Жаңғыртайық жар-жарды жаңаша біз,
Жаңа тілек, жаңа өмір, жолды еске алып.
Хор:
Жар-жар біздің жаңаша,
Келін қандай тамаша.
Кәне, бетін ашайық,
Көрімдігі жараса,
Көп халайық қаласа, қаласа.
Жігіт:
Анау тұрған атақты ақын ағаң,
Жұрт аузында өлеңі жарқылдаған.
Той серісі, елінің еркесіне
Сәлемің бар, жас келін, айтылмаған.
Хор:
Сәлем біздің жаңаша,
Келін қандай тамаша.
Ақын аға риза,
Жақсы көзбен қараса,
Қарауға ақын жараса.
Жігіт:
Бәрекелді, той сәнін жаңа тапты,
Ғалым мынау жинаған бар атақты.
Келін қалқам, көзіңнің қиығын сал,
Сәлем берер ме екен деп қарап қапты.
Хор:
Сәлем біздің жаңаша,
Келін сондай тамаша,
Бердің сәлем ғалымға,
Ғалым сәлем ала алса,
Көрімдігін таба алса.
Жігіт:
Ел иесі, ал мынау ел беделі,
Елімізге атақты Еңбек ері,
Келін сәлем береді арнап сізге,
Ең құрметті аға деп, ең кәделі.
Хор:
Келін қандай тамаша,
Сәлем бүгін жаңаша,
Сол сәлемді жолдаймыз
Ер кәдеге жараса,
Қуанамыз балаша.
Келіншек:
Ау, күйеужан, күйеужан, кел жақында,
Біздер айтқан құлақ сал сен де ақылға.
Адыраңдап, «алдым» – деп, арды ұмытсаң,
Күйеу түгіл, жараспас ер қалпыңа.
Хор:
Жар-жар біздің жаңаша,
Келін сондай тамаша,
Қыз жарайды күйеуге,
Күйеу қызға жараса,
Шын жүрегі қаласа.
Келіншек:
Ақылымды еркежан, саған да айтам,
Білімдісің, жан жетпес бағаңды айтам.
«Өзі болған қыз төркінін танымастың»
Қалпын істеп жүрмегей қайран қалқам!
Хор:
Жар-жар біздің жаңаша,
Күйеу сондай тамаша,
Күйеу қызға жарайды
Қыз күйеге жараса,
Жүрегіне баласа.
Хор:
Бәрекелді, той болды ең ғажайып,
Екі ғашық, ел сүйген ерлі-зайып.
Мәңгі мұндай салтанат сарқылмасын,
Махаббатты мадақтап жыр жазайық.
Жар-жар біздің жаңаша,
Жыр жырлаймыз жараса,
Тойдың көркі қыз-жігіт
Көз тоймайды қараса,
Бола берсін осылай
Тағы талай тамаша! Тамаша!