Көңіл толқыны
Секен Тұрысбеков
  • Жанарым

  • Сапар шексем алысқа,
    Сен жанымнан қалмайсың.
    Қиындықта қалыспай,
    Қиялымды жалғайсың.

    Мол бақыттың жайында
    Сырласумен айта алдық.
    Қарағай мен қайыңдай
    Қатар тұрып жайқалдық.

    Қайырмасы:
    Сәулем, сәулем, сәулем,
    Кір шалмаған арымсың.
    Сезімдегі жалынсың,
    Басымдағы бағымсың.
    Домбырамның үні сен,
    Жүрегімнің жыры сен,
    Жанарымның нұры сен!

    Көзің сенің мөлдір көл,
    Тымық күйде жолықтым.
    Шарасынан сол бір көл
    Төгілер деп қорықтым.

    Домбыраға тағылған
    Егіз ішектей жұптастық.
    Үміт алда жағылған
    Келешекке нық бастық.
    Қайырмасы.

    Күндіз күлген Күнімсің,
    Түнде туған Айымсың.
    Жайнап тұрған гүлімсің,
    Ойға шомған қайыңсың.

    Жаз орнатқан жаныма
    Сәулем – сұлу сезімсің.
    Жарық күнді сыйлаған
    Жанарым да өзіңсің!
    Қайырмасы.

  • Category:

    Кеңес және тәуелсіздік кезеңі композиторлары шығармалары