-
Нені ойладың
-
Нені ойладың құрбыжан, нені ойладың?
Ойға батқан жүзіңе қарайладым.
Алыс арман үміттің сәулесіндей,
Абайладым көзіңде арай барын.
Тұңғиықтан құпия сыр таратып,
Келе жатты көзіңнен бір таң атып.
Таңы болғай лайым қуаныштың,
Өзгелерді қойдың ғой мың қаратып.
Нені ойладың, жол таппай қамалдың ба?
Таппадың ба, әлде оны таба алдың ба?
Ойлаған жөн алды-артын, барлық жағын,
Ойла құрбым, жақсыны, жаманды да.
Алдың арман, әйтсе де, абайлағын,
әлденеге үңіліп қарайладың?
Білгім келіп барады, білгім келіп,
Нені ойладың құрбыжан, нені ойладың?
-
Category:
Кеңес және тәуелсіздік кезеңі композиторлары шығармалары