Ардағым ба едің,
Арманым ба едің,
Кезікпей келген бейне ме ең.
Арайлы әсем,
Таңдарым менің,
Кеш көрдім бе екем дей берем.
Ән болып келдің,
Сән-көрік бердің,
Қарадым үнсіз ұрланып.
Өзіңді қалқам,
Таң болып көрдім
Кеткендей кеудем нұрланып.
Мөп-мөлдір көзің,
Төккен нұр сезім,
Лаулатты бойда жалынды.
Қалар ем үнсіз,
Жетпейді-ау төзім,
Өрт шалды, қалқам, жанымды.
Үн қатпай саған,
Тыңдатпай тағы ән,
Қиялға батам кейде мен.
Жанымды қалай,
Жырлатпай қалам,
Кешіктім бе әлде дей берем.